ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Майдангер Кажжанов Ғалымжан туралы естелік
Атам Кажжанов Ғалымжанның жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Елімізге неміс-фашист басқыншыларының опасыздықпен шабуылы атамды да бейжай қалдырмады. 1943 жылы Кеңес Армиясы қатарына алуды сұрады. Жас жігіт алғаш соғыста Украйна майданы Харьков түбінде жаумен бетпе-бет келеді. Осы шайқаста атам жаудың бірнеше атыс ұясын жойып, бір топ фашистердің көзін құртады. Осы ерлігі үшін командование атынан алғыс алып, наградаға ұсынылады. Атам бұдан кейін Курск, Белград бағытындағы ұрыстарға қатысып, ерліктің өнегесін көрсетті. Ол осы Белград қаласы үшін болған кескілескен шайқаста ауыр жараланып, ұзақ уақыт Ленинград госпиталінде емделіп, тәуір болғаннан кейін, майданға жарамсыз деп танылып елге оралады.
Елге келгеннен кейін де жауырындағы жау снарядының қалдығы әлсін-әлсін мазалаумен болады. Бірақ ол бейбіт өмірде қол қусырып қарап отырмай, еңбекке араласты. 1944 жылдан 1979 жылға дейін мал шаруашылығының нығаюына өз үлесін қосты. 1958 жылдан КОКП (КПСС) мүшесі атам өзіне тапсырылған қандай да жұмыс болмасын абыроймен атқарып шаруашылық экономикасының нығаюына үлес қосты. Аудандық кеңестің депутаты болып, халық аманатының орындалуына ұйтқы болды...
Еңбек демалысында жүрсе де, ауыл ағасының әріптестеріне айтар ақыл-кеңесі, үйретер тәрбиесі мол болатын.
Атамның науқасы асқынып 1991 жылы 15 қазанда өмірден озды.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Кажжанов Ғалымжанның өнегелі жолы қазіргі ұрпаққа өнеге боларлық.
Ұлы Отан соғысының 69 жылдығы қарсанында, сұрапыл соғыста от кешкен жауынгер атамызға бас иіп, тағзым етеміз.
Немересі Кажжанов Айбар Бауыржанұлы