Жеңіске жетудегі ардагерлердің үлесі теңдессіз - Елші М. Бочарников
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Ресей ғылым және білім орталығында Ұлы жеңістің 67-жылдығына арналған шара ұйымдастырылып, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.
Жиынға РФ Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарников қатысты.
«Бірер күннен кейін бәріміз үшін қасиетті мереке - Жеңіс күні келіп жетеді. Осы Жеңіске жету жолындағы ардагерлердің қосқан үлесі теңдессіз деп білемін. Кейінгі толқындар, келешек ұрпақтар ардагерлеріміздің бұндай жанкештілігі жайында еш ұмытпайды деп ойлаймын. Сондықтан да, біздің ортамызда болып, сол бір қиын күндер туралы естеліктеріңізбен бөлісу арқылы жас ұрпақты отаншылдық пен патриоттық рухта тәрбиелеуге септік тигізгендеріңіз үшін сіздерге зор алғыс», - деді Елші М.Бочарников.
Сонымен қатар, Елші Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы екі мемлекеттің ұстанымындағы басты қағидат екендігін айта келе, халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері де мол үлес қосқанын жеткізді.
«Расында алдыңғы буынның тәжірибелері мен құндылықтарын негізінде екі мемлекет бүгінгі өмірлерін қалыптастырып жатыр. Ортақ Отанымызды қорғау арқылы ҰОС ардагерлері кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір кешуге, экономиканы дамытып, өз өмірлерін жақсартуға қатысты мүмкіндікті сыйлап кетті», - деді М. Бочарников.