Жеңісті жақындатқан барлаушылар туралы көркемфильм көрерменге жол тартпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» Агенттігі» мен «Аламасфильм» компаниясы бірлесіп түсірген «Приказ вернуться живым!» атты кинотуынды көрерменге жол тартпақ, деп хабарлады Хабар агенттігінен.
«Шығармашылық топ соғыстағы барлаушылардың жанқиярлық ерлігін, сол заманның ауыртпалығын көрсетуге тырысқан. Бір ерекшелігі - режиссер бұл туындыны флешбэк стилінде түсірген. Яғни көрермен бас кейіпкерлермен бірге өткенге оралып, ойын бүгінмен сабақтайды. 5 сериялы кинотуынды майдан шебінде табысқан 2 достың тағдыры арқылы өрбиді», делінген хабарламада. Сценарий желісі бойынша, Жеңісті жақындатуға жанын салған барлаушы-жауынгерлер әскери тапсырманы орындау кезінде қоршауға түсіп қалады. Оқ пен оттың арасынан аман шыққан 2 дос қиян кескі ұрыста бір-бірінен көз жазып қалады. Елге оралып, еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, немере сүйеді. Арада біраз жылдар өткенде тағдыр оларды қайта табыстырады. Басты рөлдерде Қарағанды орыс драма театрының актері Андрей Марычев пен көрерменге «Жау жүрек мың бала», «Қара шаңырақ» фильмдерінен жақсы таныс актер Дәурен Серғазин сомдайды.