Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында еліміздегі 300 мыңға жуық соғыс ардагеріне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалі тапсырылады
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында еліміздегі 300 мыңға жуық соғыс ардагеріне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалі тапсырылады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауалдар бойынша түсінік берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің сөзіне қарағанда, Елбасының ағымдағы Жолдауында жүктелген соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдауға арналған міндеттерді іске асыру үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65-жылдығын мерекелеу туралы Үкіметтің қаулысы қабылданған. «Осы тарихи датаға арналған іс-шараларды 2010 жылы жыл бойына өткізу көзделуде. Қазіргі уақытта республикамызда 15 мыңға жуық соғыс ардагерлері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан соғысқа қатысушыларға теңестірілген 3 мыңнан астам адам, 20 мыңнан астам Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің жұбайлары, 258 мың тыл еңбеккерлері тұрады», деді Г. Әбдіхалықова.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы Кеңес Одағының Батырларына, үш дәрежелі Даңқ орденінің иегерлеріне берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 21 мың 195 теңгеден 183 мың 690 теңгеге дейін артса, Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын Социалистік Еңбек Ерлеріне берілетін жәрдемақы мөлшері 21 мың 195 теңгеден 98 мың 910 теңгеге дейін көбейген. Бұнымен қоса, соғыс ардагерлерінің басқа санаттарына ай сайын 2 мың 826 теңгеден 21 мың 195 теңгеге дейінгі арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«Жалпы, мерекелік күнді тойлаумен байланысты, елімізде шамамен 300 мыңға жуық соғыс ардагеріне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалін салтанатты жағдайда тапсыра отырып, құрмет көрсету іс-шаралары кеңінен өткізу жоспарлануда», деді министр.