Жеңістің 66 жылдығына орай Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Фашистік басқыншылармен күресіп, қанды майданнан оралмаған қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсету үшін ондаған мың астаналықтар мен қала қонақтары жиналды. Ресми делегация мүшелері арасында: ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Үкіметінің, Президент Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері болды.
«Отан қорғаушылар» алаңында «Мәңгі алаудың» алдындағы мәртебелі меймандарға арналған орындарда 400 ҰОС ардагері жайғасқан. Олардың жанында ҚР Республикалық Ұлан үрлемелі оркестрі мен ҚР Республикалық Ұлан, ҚР Қорғаныс министрлігі, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің құрама бөлімдері орналасқан.
Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң, бір сәт үнсіздік жарияланып, содан кейін Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды.
Осыдан соң салтанатқа қатысушылар әйгілі композитор Матусовскийдің «Қайдасыңдар, майдангер достарым» атты әнінің әуенін тыңдай жүріп, қаз қатар тігілген шатырлар жаққа барды. Ол жерде ардагерлер дәстүрлі қарақұмық ботқасынан дәм татты, театр әртістері олардың құрметіне театрландырылған көріністер қойды.
Бұл күні елордамыздың түрлі алаңдарында Жеңіс күніне орай салтанатты шаралар өтті, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Бүгін Астананың әрбір отбасы адамзат тарихындағы ең қанды соғыста жеңіске жеткен аталарымыздың ерлігін еске алып, ұлы күнді атап өтті.
Астанада үш дивизия - 72-ші гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 310-шы Новгород атқыштар дивизиясы және 387-ші Перекоп атқыштар дивизиясы құрылған болатын. Жауынгерлердің басым бөлігі қанды майданнан оралған жоқ.