Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада 7 мамырда әскери парад өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдығы аясында Астанада 7 мамырда әскери парад өтеді. Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов осылай мәлім етті. Еске салайық, отырыста министрлік өкілі Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын атап өтуге бағытталған іс-шаралар туралы баяндаған болатын.

Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада 7 мамырда әскери парад өтеді

Ведомство өкілінің айтуынша, Жеңістің 70 жылдық мерейтойын мерекелеу аясындағы іс-шаралар бойынша ең бірінші кезекте соғыс ардагерлері мен мүгедектерін және осы санатқа теңестірілгендерді әлеуметтік қолдауға баса назар аударылады. Сонымен қатар, ардагерлердің ТМД аумағында атқарылатын іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету де көзделеді.

«Мерейтойлық шаралардың негізгі өзегі Астанада 7-мамырда әскери парад өткізу болып табылады. Бұл жолғы әскери шерудің ерекшелігі - ол тарихи және заманауи екі бөлімнен тұрады. Сосын парадқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері де қатысады. Бұдан бөлек, әскери шерудің сапалық және сандық мазмұны да, құрамы да артады», - деді Мұхамеджан Таласов.

Оның айтуынша, Астанадағы парадқа 5 мыңнан астам әскери қызметші, 85 бірлік авиация техникалары, 220 бірлікті әскери автотехникалар қатыстырылмақ. «Мерейтойлық шараны мерекелеу аясында Қорғаныс министрлігі Қарағанды облысындағы Спасск полигонында тұңғыш рет республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған ел басшылығы мен өңірлерден делегациялар қатысады», - деді М. Таласов.

Бұдан бөлек, 7 мамырда Астанада Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күніне арналған арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылмақ. Жеңістің 70 жылдығы мерейтойының шарықтау шегінде Астана, Алматы қалаларында 7-9 мамыр аралығында мерейтойлық отшашулармен көмкеріледі.