Жеңіс Қасымбек Астанадағы интернет сапасы туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы интернет сапасы туралы пікір білдірді.

— Жалпы интернет бар, жаман емес. Бірақ қала өсіп келе жатыр, кеңейіп жатыр. Жекелеген шағын ауданда, қаланың шетінде интернеттің сапасы бірдей емес. Ондай мәселе бар. Тұрғындардың мачталық қондырғы орнатуды сұрағанын көрдіңіз. Оны қолдайтындар да бар, қарсы адамдар да бар, — деді ол.
Әкімнің айтуынша қаланы интернетпен жабдықтау жоспар бойынша іске асып жатыр.
— Интернеттің сапасын жақсарта түсеміз. Оған «Қазақтелеком» да, басқа компаниялар да жоспарлап, жыл сайын салып жатыр. Бірақ қала өсіп жатқандықтан, шет жақтарда, тұрғын үй тығыз салынған жерлерде анда-санда ондай проблемалар туындайды, — деді Жеңіс Қасымбек.
Еске салсақ, Цифрлық даму министрлігі Астанада мобильді интернет әлсіз ұстайтын орындар жыл соңына дейін жойылатынын мәлім еткен еді.