Жеңіске 80 жыл: 500-ден астам көшеге елеусіз қалған қаһармандардың есімі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімі беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осындай мәлімет айтты.
— Енді екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға — Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері — барша халқымыз Отан үшін отқа түсті. Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр. Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істе ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық берілетінін ескертті.
— Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады, — деді Президент.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр. Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».
Бұдан бұрын Президент Қазақстан этностары театрларының фестивалін өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ, Тоқаев барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.