Жеңіске 80 жыл: Алматы аспанында соғыс батырларының бейнесі көрсетіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 9 мамыр күні сағат 21:00–де Абай алаңында Жеңістің 80 жылдығына орай алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше жарық шоуы ұсынылады — 500 дрон қатысатын ауқымды көрініс өтеді.

Алматы аспанында соғыс батырларының бейнесі көрсетіледі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінен атап өткендей, көрсетілімнің басты ерекшелігі — соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі.

— Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер арқылы елге таныстырылады, — деп хабарлады әкімдіктен.

Дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында «Жеңіс күні құтты болсын» деген жазу пайда болады.

— Бұл заманауи визуалды шоу — батырларға тағзым ғана емес, соғыс туралы жаңа, қолжетімді, әсерлі әрі есте қаларлық баяндау түрі. Ол тарихи жадымызды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын еске салады. Іс-шара демеушілердің қолдауымен барлық қауіпсіздік талап сақтала отырып ұйымдастырылады, — деп атап өтті әкімдіктен.

Ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындады. Басты орындар: Абай алаңы, «Қазақстан» қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар — Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.

Осыған байланысты 9 мамыр күні сағат 20:30–дан 21:30–ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. 

Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын бағытты алдын ала жоспарлауға және уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырады.

Осыған дейін Алматыда Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығы қалай өтетіні туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар