Жер астында өтетін фотокөрме
АЛМАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы метрополитені мен ҚР Мемлекеттік кино және фотоқұжат пен дыбыс жазу мұражай орталығы «Менің Алматым: өткені мен бүгіні және болашағы» атты фотокөрме ұйымдастыруда.
Көрменің басты мақсаты - Алматының тарихын айтып, көрсету. Сонымен қатар қаланың қазіргі тынысы мен болашағын жеткізу.
Шараны ұйымдастырушылар барлық шеберлерді, кәсіби және әуесқой фотосуретшілерді, жалпы қолына фотоаппарат ұстай білетіндерді осы көрмеге етене қатысуға шақырады.
Фотокөрмеге тек жаңа суреттер ғана емес, мұражайдағы және отбасылық мұрағатта сақталған фотосуреттерде қатыстырылады.
Көрме ерекше жерде өтетін болады. Барлық жұмыстар Алматы метро стансасында қойылады.
Сонымен қатар көрме "Менің Алматым" және "Алматы өмір" атты екі аталымда өтеді.
"Менің Алматым" - аталымында жұмыстар сүйікті қаланың ерекшелігіне арналады, яғни Алматыны қайталанбас етіп, әлемдегі ең сүйікті қала қылып тұрған ерекшелігі жайлы.
"Алматы өмір" - аталымы қала тұрғындарына жағымды әсер беріп тұрған барлық ерекшелігіне арналған. Бұл бізді қоршаған табиғат пен архитектура және біздің жанымызда жүрген тұрғындар. Сонымен қатар бұл аталымда фотопортреттер, мұражай мен алматылықтардың мұрағатында сақталған фотосуреттер қатыстырылады.
Барлық жұмыстар электронды түрде осы жылдың тамыз айының 25-іне дейін қабылданады. Аталған шараға қатысып, оны ұйымдастыруға көмектесем деушілер almatymetro@gmail.com адресіне хабарласа алады.