Жер бетінде болмаған арал мемлекет Шыңғысханның бейнесімен ақша шығарған

АСТАНА. ҚазАқпарат -Шыңғысханның бейнесі салынған көне ақша табылды. Моңғол зерттеушісі әрі журналист Д.Алтангэрэлдің пайымынша, оны жер бетінде болмаған арал мемлекет - Ройлло шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аsiarussia.ru сайтына сілтеме жасап.

Жер бетінде болмаған арал мемлекет Шыңғысханның бейнесімен ақша шығарған

Royllo немесе Ройлло - XV ғасырдағы карталарда Атлант мұхитында, Пиреней түбегінің батысында бейнеленген «елес» арал.



Арал алғаш рет венециялық картограф Джованни Пицциганоның (1424) портуланында Имана (Ymana) деген атпен бейнеленген. Кейінгі картографтар бұл аралды Ройлло деп атаған, алайда оның алғашқы орны сақталып қалған.

Ройлло жеті қаласы бар, Антилияның батысында орналасқан шағын арал ретінде белгіленген. Ол құрамына сондай-ақ Антилия, Сайя және Сатана аралдары кіретін «Антилия тобына» жатады. XV ғасырдың соңында бұл арал картадан алынып тасталады.



АҚШ-та тұратын және сонда жұмыс істейтін Дагвасамбуугийн Алтангэрэлдің айтуынша, болмаған аралдың атынан Наполеон Бонапарт, Мхатма Ганди және Че Гевараның суреттері бейнеленген бірқатар қағаз ақшалар шығарылған.

Ал ұлы Шыңғысхан Cinco Pesos деп аталатын 5 песо ақшасында бейнеленген.