Жер бөлудің мониторингілік картасы жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер бөлудің мониторингілік картасын жасауды тапсырды. Бұл карта бірінші кезекте ауылдардағы жайылым тапшылығын жоюы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер бөлудің мониторингілік картасы жасалады

«Өздеріңіз білетіндей, менің жаңа президенттік өкілеттіктер шеңберіндегі алғашқы Жарлығым ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырма болды. Келер жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру аясында өтеді. Тұжырымдаманы әзірлеуге жергілікті жерлердегі сарапшыларды, диқан, шаруалар мен қоғам белсенділерін барынша тарту керек», - деді Мемлекет башысы.

Президент ауылдарды дамыту бағытында мүлдем жаңа, әрі іске жарамды тәсілдер қажет екенін еске салды.

«Жер – ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың тапшылығы әлі өзекті. Ол көрсеткіш шамамен 8,8 миллион гектар болады.

Менің тапсырмам бойынша 5,2 миллион гектарға жуық ауылшаруашылық жері, негізінен жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін жер бөлудің мониторингілік картасын жасауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.