Жер қойнауын пайдалану саласында бірқатар өзгеріс енгізілді – Сенат
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заңның мақсаты - Мемлекет басшысының барлық геологиялық ақпаратты жүйелеу мен цифрландыруға қатысты тапсырмаларын іске асыру. Құжат аясында геологиялық ақпараттың ашық дерекқоры бар саланың негізгі цифрлық инфрақұрылымы ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын бекіту ұсынылады. Платформа қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру саласындағы барлық бизнес-процестерді қамтиды.
- Платформаны көмірсутектер саласындағы жер қойнауы туралы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесімен интеграциялау көзделеді. Заңмен Ұлттық геологиялық қызметтің геологиялық ақпаратты басқару және Платформаны пайдалану жөніндегі оператор ретінде мәртебесі бекітіледі. Сондай-ақ, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске түзетулермен пайдалы қазбалар мен уранды барлау және өндіру операцияларын жүргізу кезінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін 50%-дан 70%-ға дейін ұлғайту ескерілген. Заңның жаңашылдықтарының бірі - құны 14,5 млн АЕК-тен асатын ірі өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын стратегиялық инвесторлар үшін пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге басым құқықты бекіту, - делінген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінде.
Мұнымен қоса, заңда жер қойнауын пайдаланушыларға пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобаларын іске асыру кезінде инвестициялық преференциялар беруге қатысты түзетулер енгізу көзделеді. Жоғарыда аталған преференциялар жаңа Салық кодексінде ескерілген. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім жасалуы мүмкін жер қойнауын пайдаланушының инвестицияларының ең аз көлемі 7 млн-нан 70 млн АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
- есептілікте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырғаны немесе жалған мәлімет бергені үшін жауапкершілікті күшейту;
- жер қойнауын пайдалану салдарын жою рәсімдері кезінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қатысуы;
- рұқсатсыз, сол сияқты берілген рұқсат талаптарын бұза отырып, пайдалы қатты қазбаларды барлау учаскесінде тау-кен массасын алуға немесе топырақтың орнын ауыстыруға тыйым салу бөлігінде және басқа түзетулер енгізіледі.
Бұған дейін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болатынын жазған едік.