Жер қойнауын пайдалану туралы кодекске түзетулер енгізілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңнамаға геологиялық саладағы рәсімдерді жақсартуды және оңайлатуды көздейтін тиісті өзгерістер енгізу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің және жалпы табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың тиімділігін арттыру қажет. Заңнамаға геологиялық саладағы рәсімдерді жақсартуды және оңайлатуды көздейтін тиісті өзгерістер енгізу керек. Бұл салаға инвестиция тарту – өте маңызды мәселе. Индустрия, Сыртқы істер, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске тиісті түзетулер әзірлеуі керек», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агробизнес субъектілеріне арналған қолдау құралдарын жетілдіруді жеделдету қажет екенін айтты.

«Жеке қосалқы шаруашылықтардың дамуына жеңілдікпен несие беруді көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тапсырмалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуы керек», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар