Жер қойнауын пайдалануда юниорлық компаниялар артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер қойнауын пайдалануда трансформация болады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Тимур Тоқтабаев мәлім етті.
«Жер қойнауын пайдалану саласында, әсіресе геологиялық барлау бағытында трансформация күтілуде. Қазіргі кезде әлемдік ірі компаниялар үшін 5-7 жыл бұрынғы технологиялар ескірген болып табылады. Ал бізде кейбір компаниялар майнинг саласында ескірген технологиялар бойынша жұмыс істеуде»,-деп тоқталды ол.
Департамент басшысының айтуынша, бүгінде негізгі мақсат ретінде осы бағытта технологиялық және иннновациялық тұрғыда қайта құралдану ескеріліп отыр.
«Біз алдағы төрт жылда юниорлық компаниялардың нарығы екі есеге артады деп күтудеміз»,-деді Тоқтабаев.
Айта кетейік, юниорлық компания геологиялық барлауды қаржыландыру үшін негізгі қаржыны өзінің жеке акцияларын шығару есебінен алады.