Жер қойнауын пайдаланушылар технологиялық ақауларға қатысты есеп беріп отыратын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Жер қойнауын пайдаланушылар технологиялық ақауларға қатысты есеп беріп отыратын болады

Құжат бұған дейін бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Екінші оқылымға әзірлеу барысында тұрақты комитеттерден бірқатар ұсыныстар мен түзетулер келіп түскен.

«Атап айтқанда, заң жобасын оның мазмұнымен сәйкестендіру мақсатында атауы өзгертіліп, «жер қойнауын пайдалану» деген сөз тіркесі қосылды. Сонымен қатар, экология саласында екі мемлекеттік қызметті - экологиялық сараптама мен экологиялық рұқсат беруді біріктіруге байланысты норма алынып тасталды. Бұған себеп - ұсынылатын өзгерістердің қолданыстағы заңнамамен үйлестірілуіне қатысты жүйелі қадамның жоқтығы болып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндаған сенатор Сергей Плотников.

Оның айтуынша, түзетулердің бір парасы аясында технологиялық жабдықтардың жұмысында технологиялық ақау болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар бұл мәселені тексеруге міндеттеледі. Әрі жер қойнауын пайдаланушылар дәл осы оқиғалар туралы уәкілетті органдарға тоқсан сайын есептер ұсынатын болады.

Тұтастай алғанда екінші оқылым барысында сенаторлар 58 түзету жасаған. Олардың барлығы қабылданды.