Жер қойнауынан түскен өнімді бөлу келісімдерін қайта қарау үшін келіссөз бастау керек - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов өнімді бөлу туралы келісімдерді (ӨБК) қайта қарау мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер қойнауынан түскен өнімді бөлу келісімдерін қайта қарау үшін келіссөз бастау керек - министрлік

«Өнімді бөлу туралы келісімдерді қайта қарау үшін келіссөз бастау керек. Бұл тұрғыда нақты нені қайта қарағымыз келетінін анықтап алуымыз шарт. Егер біз осы бастаманы көтеріп, нақты бір көрсеткіштерді арттыру немесе азайту тұрғысынан талабымыз болса, онда келіссөз арқылы шешіледі. Атап айтқанда, осы келіссөз процесі қос тарап өзара келісімге келгеннен кейін аяқталады. Яғни осы рәсімдер ескерілмесе, арбитраж немесе сот талқылауы сияқты мәселе болуы мүмкін», - деді А. Хасенов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде Үкімет осы бағытта бір келісімді сот арқылы шешу бастамасын көтерген.

«Егер бұл мәселеде өзара келісе алмасақ, онда арбитражға жүгінеміз. Ал қос тарап өзара келісімге келген жағдайда барлық проблема жеңіл шешіледі», - деді Асхат Хасенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев стратегиялық кен орындарындағы Қазақстан үлесін 51%-дан аз болмау талабын заңмен белгілеуді ұсынды.

«Ең алдымен өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) шарттарын жариялау керек. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында ӨБК-да көңіл көншітпейтін шарттар бар деген ақпарат жарияланған. Соған сәйкес, Қазақстан Қашаған сияқты ірі кен орнынан өндірілетін мұнайдан мардымсыз үлес алып отыр», - деді А. Перуашев.