Жер ресурстарын басқару агенттігі жайылым мен шабындықты ұтымды пайдаланбаған, заңға қайшы берілген жерлерді мемлекет меншігіне алуды көздеп отыр

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жер ресурстарын басқару агенттігі жайылым мен шабындықты ұтымды, тиісті мақсатында пайдаланбаған, заңға қайшы берілген жерлерді мемлекет меншігіне алуды көздеп отыр.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков осылай мәлім етті.

Агенттік төрағасының айтуынша, мал шаруашылығын дамытудың бірден-бір көзі бүгінгі күнге дейін пайдаланылмай келген жайылым мен шабындық жерлерді игеруге тікелей байланысты болып табылады. Сонымен қатар, маусымдық және шөл-шөлейт аумақтарда орналасқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына игеру де өзекті мәселе болып отыр.

«Бұл ретте атап көрсететін жайт, бұрынғы ұжымшар, кеңшар болып ұйымдасқан кезеңде мал шаруашылығын өркендету үшін табиғи жайылымдар толық әрі жіті пайдаланып келгені мәлім. Оның ішінде әсіресе маусымдық жайылымдарды көктемгі төлдету, жазғы жайлау мен қыстауларды пайдалану кезеңі сәйкестеліп реттеліп отырды. Ал қазіргі кезеңдегі қалыптасқан жағдайға келсек, кейбір елді мекендер маңындағы жергілікті тұрғындардың мал жаюы мен шөп шабуы үшін, сондай-ақ шалғайдағы мал шаруашылығының маусымдық жайылымдарына арналған жерлерді өтеулі ұзақ мерзімге пайдалануға немесе жеке меншікке беруге рәсімделген жағдайлар кездеседі. Алайда, Жер кодексінің 36-бабына сәйкес, мұндай жерлер тек 5 жылғы мерзімге ғана пайдалану құқығына ие болатын. Бұндай жағдайлар жайылым және шабындық жерлерді тиімді пайдалануға кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені, шаруашылықтағы мал санына тиесілі жерлер реттелмей, басқа шаруашылықтардың пайдалануына шектеулер қойылып, кейбір тұлғалардың қолына едәуір жайылым жерлерінің шоғырлануы жол беріліп келді. Сондықтан агенттік жерді пайдалану мен қолдануды мемлекеттік бақылауды іске асыру барысында жайылым және шабындық жерлерді ұтымды, тиісті мақсатында пайдаланбаған, заңға қайшы берілген жерлерді мемлекет меншігіне алуды басты назарға алып отыр», - деді Ө. Өзбеков.

Соңғы жаңалықтар