Жер сілкінісі Жапонияда цунами туғызды
АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Жапонияда күші Рихтер бағамы бойынша 6,7 балдық жер сілкінісі болды. АҚШ-тың Геологиялық қызметінің ақпараты бойынша, жер сілкінісінің кіндігі Тайванның оңтүстік-шығысына қарай 210 шақырымдай жердегі Исигаки аралы ауданында, 10 шақырымдай тереңдікте болды,
деп хабарлайды РБК агенттігі.
Зілзала салдарынан болған кісі құрбандықтары немесе қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Тек әлсіз цунамидің пайда болғаны туралы хабар бар.
Соңғы уақытта Жапонияда бірнеше қуатты жер сілкінісі болды. Атап айтқанда, тамыздың 13-інде болған соңғы зілзаланың күші, Рихтер бағамы бойынша, 6,5 балға жетті. Ал тамыздың 11-інде Токионың оңтүстік-батысына қарай 170 шақырымдай жерде болған жер сілкінісінің салдарынан 1 адам қаза болып, 80-нен астам адам жарақат алған еді.