Жер сілкінісінен кейін қырғызстандықтарды шатырларға орналастыруда
Еске салайық, 3 мамыр күні сағат 10:47-де Тәжікстан аумағында 7 балдық жер сілкінісі болды. Сондай-ақ, Тәжікстанда болған жер сілкінісінің дүмпуі Шымкент тұрғындарына 2-3 балдық болып сезілген.
Қырғызстан азаматтық қорғаныс комиссиясы тұрғын үйлер мен арнайы нысандарды тексерді.
«Барлығы 281 үй тексерілді. Алдын ала дерек бойынша, 66 үй апаттық жағдайда тұр, ал қалған 215 үйде майда жарық пайда болған. Сондай-ақ, 6 әлеуметтік нысан тексеруден өткізіліп, оның төртеуі апаттық жағдайда тұрғандығы анықталды. Олардың арасында 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, «Қырғызпоштасы» ғимараты мен мектеп бар», - деп хабарлады Қырғызстан ТЖМ баспасөз қызметі.
Қырғызстан ТЖ министрлігі 100 апаттық үйдің отбасы үшін 100 бес орындық шатыр тікті. Барлығы 717 адам орналастырылды.
«Бүгін ТЖМ қосымша 200 шатыр бөліп, жер сілкінісі болған аумаққа жеткізді. Қазіргі таңда 25 құтқарушы шатырларды орнатып жатыр», - деді ведомстводағылар.
Айта кетейік, 2017 жылдың 5 мамыр күні Тәжікстанда тағы да жер сілкінісі тіркелді.