Жер, су, жолдар: Павлодар облысындағы ең шалғай ауылдың халқын не алаңдатады

АҚТОҒАЙ. ҚазАқпарат - Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылдық округінде болды. Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті әкімнің халықпен есептік кездесуіне қатысып, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жер, су, жолдар: Павлодар облысындағы ең шалғай ауылдың халқын не алаңдатады

Павлодар облысының әкімі Жалаулы ауылында ең алдымен Алшынов атындағы мектепке температуралық режимді тексеру үшін барды. 80 бала оқитын оқу орнында жағдай оңтайлы екен - 22-23 градус.

Екі мыңнан астам квадратты жылумен қамтамасыз ету үшін мұнда тәулігіне 1,5-2 тоннаға дейін көмір жұмсалады.

Ал, ауылдық дәрігерлік амбулаторияда мектепке қарағанда салқындау болды. Бұл туралы медициналық процедураларға келген жергілікті тұрғындар да айтты.

Медицина қызметкерлері амбулатория ғимараты салынғанан бері, 40 жылға жуық уақыт бойы жөнделмегенін айтты.

Мәселені шешу үшін биыл денсаулық сақтау басқармасы амбулаторияны жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр.

Әбілқайыр Сқақов жобалық-сметалық құжаттама дайын болған соң, жоба қаржылай қолдау табатынына сендірді.

Бұл ретте аймақ басшысы тек бөлмелерді жөндеуді ғана емес, жылумен қамту жүйесін қайта жаңғыртуды да ескеруді талап етті.

Әлеуметтік нысандардан басқа әкім төрт ауылдық дүкеннің бірінде болды.

Павлодардан 200 шақырымнан астам қашықтыққа қарамастан, мұнда олар тауарларды әлеуметтік бағамен сатады.

Дүкеннен арзандатылған картоп пен сәбіз, сондай-ақ облыстық тұрақтандыру қорынан жеткізілетін қант, қарақұмық жармасы мен өсімдік майын сатып алуға болады.

Сүтке келетін болсақ, сауда нүктесінің сөрелерінде Петропавлдан өнімдер көп болды, ал павлодарлық өндірушілердің тауарлары болмай шықты.

Әбілқайыр Сқақов Жалаулыға жергілікті қайта өңдеушілерден сүт жеткізу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Ауыл клубында аймақ басшысы жергілікті әкім Азамат Медетовтің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.

Жалаулы ауылдық округінің басшысы өткен жылы өзіне қарасты төрт ауылда не істелгені туралы айтып берді.

- Бүгінде бізде 55 фермерлік шаруашылық, Бір ЖШС және ауыл шаруашылығы бағытындағы 13 жеке кәсіпкер жұмыс істейді, - деп хабарлады ауылдық округ әкімі. - Өткен жылы бізде үш жаңа ферма ашылды. Тағы 10 шаруа қожалығы жаңа ауылшаруашылық техникасын алу үшін мемлекеттік қолдау есебінен 100 миллион теңгеге жуық қаражат алды. «Масақпай Инвест» ЖШС мал бордақылайтын екі алаң салып, 645 миллион теңге сомасына инвестициялық жобаны іске асырды. 2022 жылға арналған абаттандыру жоспарына келсек, олар Жалаулы ауылындағы воркаут аймағын жабдықтауды көздеп отыр. Шолақсор ауылында жаңа балалар алаңын орнату, көше жарығын жаңарту және жергілікті саябақты субұрқақпен безендіру жоспарлануда. Балтасап ауылында биыл жаңа стела пайда болуы керек.

Әбілқайыр Сқақов ауыл әкімдігіндегі барлық жоспар жергілікті қауымдастықпен талқылануы тиіс екенін атап өтті.

- Біз заманауи күн тәртібін қалыптастырып, бірінші кезекте немен жұмыс істеу керектігін түсінуіміз керек, - деп мәлімдеді өңір басшысы. - Жақында біз жерлестерімізге хабарластық және оларға 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын қалыптастыру үшін Павлодар облысын дамыту бойынша өз ойларымен бөлісуді ұсындық. Біздің мекен-жайымызға 2,5 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Мәселен, павлодарлықтарды әлеуметтік проблемалармен қатар биліктің қоғаммен өзара іс-қимылы мәселесі де толғандырады. Сондықтан әкімдер мен басқа да мемлекеттік қызметкерлер халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі тиіс. Кеңселерде анықтамалар мен есептерді беріп отыратын жұмыстарды тоқтататын кез келді. Енді адамдарға өзіміз шығып, олармен дидарласуымыз керек.

Есеп беру кездесуі барысында Жалаулы ауылдық округінің тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Ауыл тұрғындары жайылымдық жерлердің тапшылығы мен орынсыз пайдаланылуы мәселесін бірнеше рет көтерді.

Бұған жауап ретінде Әбілқайыр Сқақов ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын жасау жөніндегі өзінің таяудағы тапсырмасы туралы еске салды, ол әркімге қолжетімді болуы тиіс, - деді.

Сондай-ақ, облыс әкімі таяудағы жылдар ішінде жайылымдар жеткіліксіз аудандарда шалғындандыру бағдарламасы іске асырылатынын мәлімдеді.

Алайда, өңірлік бағдарлама есебінен өсірілген жайылымдық жерлерді жеке аулалардың иелері ғана пайдалана алады.

Шолақсор ауылының тұрғындары сумен қамтамасыз етудегі басты мәселені шешуді сұрады.

Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын мұнда кешенді блок-модуль орнатылса, соңғы жылдары ауыл тұрғындары ауыз судың сапасына көңілі толмай жүр.

Сонымен қатар вариант ретінде, Шолақсорда жеңілдетілген су құбырын салуға дайын.

Ақтоғай ауданының басшысы Қаршыға Арынов бұл үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап қойғанын түсіндірді.

Енді тек жобаны қорғау мен оны қаржыландыруды күту қалды.

Жалаулықтар үшін тағы бір өткір мәселе - жол. Ауылдық округті аудан орталығымен және облыстың басқа да елді мекендерімен байланыстыратын тас жол соңғы 50 жыл ішінде жөнделмеген.

Өткен жылы мұнда жолдың бір бөлігі жөнделді, тұрғындар мұнымен тоқтап қалмауды өтінді.

Өңір басшысы барлық басталған жобалар соңына дейін жеткізілетініне, ең бастысы - жергілікті жерлерде әкімдер айналысуға тиіс жобалық-сметалық құжаттаманың әзірлігіне сендірді.

Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Соның ішінде оған Шолақсор ауылының ата-аналар қоғамдастығының атынан белсенділер жүгінді.

Олар Әбілқайыр Сқақовтан жергілікті мектепті жөндеуге көмектесуін сұрады. Аналар алдымен оқу орнында терезелерді ауыстыру жеткілікті болатынын атап өтті.

Өңір басшысы жергілікті басшылыққа осы жұмыстардың шамамен алынған құнын есептеп, мүмкін болған жағдайда оларға қаржы салуды тапсырды.