Жер телімдеріне қатысты алаяқтық ісі бойынша шенеунік пен оның сыбайластары сотталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай аудандық сотында Қостанай ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еркін Сарымбет қызмет бабында жалған құжат жасағаны үшін, сондай-ақ адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы лауазымды тұлғаның қызметтік бабын пайдалана отырып жасаған алаяқтығы үшін сотқа тартылды.
Үш айыпталушы өздерінің «қызметтері» үшін жүздеген мың теңгеден миллиондаған теңгеге дейін алып, жалпы кезекті айналып өткісі келетіндерге жер телімдерін берумен айналысқан.
Соттың мәліметінше, 2020 жылдың мамыр-маусым айлары аралығында Е. Сарымбет пен жеке кәсіпкер Малика Сәрсенбаева алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен алдын ала сөз байласу арқылы екі жәбірленушіге тиесілі жалпы көлемі 2,4 млн теңгені (жәбірленуші Т-ның 3,5 млн және К-нің 800 мың теңгесін) жымқырған.
Сәрсенбаева мен оның ағасы Макишев 2021 жылдың мамыр айында сотталушы Сарымбетті қылмыстық істі тоқтату үшін лауазымды адамға пара беруге көндірген.
«Прокурор айып тағылған мына баптар бойынша жаза тағайындауды сұрады:
Сарымбетті 4 жылға бас бостандығынан айыру, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салу, Сәрсенбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айыру, Макишевті 5 жылға бас бостандығынан айыру.
Сотталушы Сарымбет кінәсін ішінара мойындады, сотталушылар Сәрсенбаева мен Макишев кінәсін мойындамады. Нәтижесінде, Сарымбетке 5 жыл бас бостандығынан айыру, Сәрсенбаеваға 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және Макишевке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады облыстық соттан.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды.