«Жер уақыты» акциясына Қазақстаның 60-тан астам қаласы қатысады

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - 31 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-да бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да «Жер уақыты» шарасын өткізеді. Аталған акцияға еліміздің 60-тан астам қаласы, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Өскемен сынды шаһарлар да қатыспақ.

«Жер уақыты» акциясына Қазақстаның 60-тан астам қаласы қатысады

Ағымдағы жылы шара аясында бүкіл әлемнің танымал сәулет ескерткіштері электр жарықтарын сөндірмек. Астанада да «Бәйтерек», «Мәңгілік ел» сынды 100-ден астам нысандағы шамдар 1 сағатқа өшіріледі деп күтілуде.

«Париждегі Эйфель мұнарасы, Берлиндегі Бранденбург қақпасы, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдени мұра нысандары болып табылатын Даниядағы Кронбор сарайы, Пәкістандағы Ұлттық кесене де әлемдегі миллиардтаған адамдарға қосылып, жарықтарын өшіреді», - делінген Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) ақпаратында.

Айта кетерлігі, бұл акцияға елімізде жаңа қатысушылар қосылған. Солардың бірі ретінде республиканың көптеген қалаларында өткізілетін велошеруді атап өтуге болады.  Ал Ақтау қаласында мыңдаған адамнның басын қосатын шара барысында «Librium», «AlterEgo» және «Art Band» рок топтары өнер көрсетіп, түрлі байқаулар ұйымдастырылмақ.

«Соңғы 5 жылдың ішінде танымалдығы күрт артып келе жатқан «Жер уақыты» шарасы жүздеген миллион адамның біздің ғаламшарды қорғау ісіне қосар өз үлестерін арттырғысы келетіндігін дәлелдейді», - деді аталған акцияның елімізде және Орталық Азияда өтуіне ұйытқы болып жүргендердің бірі Алан Бесенов.