Жерасты ұлттық байлығымызды ең бірінші мемлекеттік компанияларға беру қажет – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде тау жыныстарын талдамалық зерттеу бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін мамандандырылған аккредиттелген зертхана құрылуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Жерасты ұлттық байлығымызды ең бірінші мемлекеттік компанияларға беру қажет – Олжас Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Бірінші. Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері геологиялық барлауға инвестициялар тарту, оның ішінде «терең» қабаттар мен күрделі кен орындарын игеру кезінде жеңілдіктер беру бойынша нақты тетіктер мен қажетті заңнамалық түзетулер әзірлесін. Екінші. Өнеркәсіп министрлігі Сауда министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, тау жыныстарын талдамалық зерттеу бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін мамандандырылған аккредиттелген зертхананы құруға тиіс. Үшінші. Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Ұлттық геологиялық қызмет базасында ғылыми экологиялық-геологиялық кластер құру жұмысын жүргізсін, - деді Олжас Бектенов.

Оның атап өтуінше, бастапқы кезеңде «Тау-Кен Самұрық» компаниясының қолданыстағы технологиялық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Жалпы, «Тау-Кен Самұрық» компаниясына қолдау көрсетіп, дамыту қажет.

- Біз өзіміздің жерасты ұлттық байлығымызды біріншіден мемлекеттік компанияларға беріп, барлау жүргізіп, оны дамытып, игеріп, содан кейін инвесторлар тартуымыз қажет. Сонда ғана оның бағасы өседі және пайдасын мемлекет көреді. Осы тетікті кеңінен қолдану керек, – деді ол.

Төртіншіден, Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігі Энергетика, Цифрландыру және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін айрықша маңызы бар алаңдардағы аэрогеофизикалық түсірілім жұмыстарын қаржыландыру мен жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуі тиістігіне аударды.

- Бесінші. Өнеркәсіп министрлігі Қаржы, Цифрлық даму министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, тарихи деректерді цифрландыруды жандандыруы қажет. Сондай-ақ, оны сақтау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керек, - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар