Жерасты су қорларының расталмауы «Ақ бұлақ» бағдарламасындағы басты проблеманың біріне айналып отыр
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асырудағы проблемалық мәселелердің бірі - жерасты су қорларының расталмауы.
Осы түйткіл 2013-2015 жылдары су құбыры желілерін салу және жаңғырту жөніндегі дайындалған басым жобаларды жүзеге асыруға кедіргі келтіруі мүмкін. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.
Аталған проблемаға қатысты агенттік төрағасы Серік Нокин мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар қосымша шаралар қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеу қажет деп санайтынын жеткізді.
«Атап айтқанда, жерасты суларын уақытында растау, барлау және қайта бағалау қажет. Сонымен қатар, су құбыры және кәріз желілерін салуға және қайта жаңартуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша қаржыландыруды арттыру тиіс. Бұдан бөлек, су шаруашылығы кәсіпорындарын қалпына келтірудің де маңызы зор», - деді С. Нокин.