Жерді салқындату үшін ғалымдар ғарышқа алып күнқағар орналастыруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар Жердің температурасын Цельсий шкаласы бойынша 1 градусқа төмендету үшін ғарышқа алып күнқағар орналастыру мүмкіндігін зерттеп жатыр, деп хабарлайды Nature басылымы.
Тұжырымдамаға сәйкес, Жер мен Күннің арасына мыңдаған шағылыстырғыш спутник немесе бөлшектерден тұратын бұлт орналастыру көзделген. Олар күн сәулесінің аз ғана бөлігін бөгеп, планетаның қызуын бәсеңдетуі тиіс.
Коммерциялық емес Planetary Sunshade Institute ұйымының жаңа есебінде мұндай жүйенің құрылысы ауыр зымырандарды жасау технологиясы дамыған жағдайда алдағы 20-40 жылда басталуы мүмкін екені айтылған.
Жаһандық температураның көтерілуіне байланысты бұл идеяға қызығушылық артып келеді. Тамыз айында SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск та әлеуметтік желіде спутниктердің көмегімен Жерге түсетін күн сәулесін азайтып, жаһандық жылыну мәселесін шешуге болатынын жазған.
Алайда ғалымдар бұл технологияның қаншалықты тиімді әрі жүзеге асыруға қолайлы екеніне қатысты ортақ пікірге келген жоқ.
Ұлыбританияның Advanced Research and Invention Agency агенттігінің 400 мың фунт стерлинг гранты есебінен әзірленген есепте ғарыштық күнқағардың алты ықтимал үлгісі қарастырылған. Зерттеу авторлары Жерге түсетін күн сәулесінің шамамен 1 пайызын бөгеген жағдайда планетаның орташа температурасы 1 градусқа төмендеуі мүмкін деп есептейді.
Ұсыныстардың бірі – диаметрі шамамен 40 шақырым болатын 5 мыңға жуық алып айналмалы спутник орналастыру. Мұндай жүйені жасау үшін шамамен 70 миллион тонна материал қажет. Бұл – осы уақытқа дейін ғарышқа ұшырылған барлық нысанның жиынтық массасынан шамамен 1 500 есе көп.
Жүйені құрастыру үшін спутник бөлшектерін Жерден ғарышқа жеткізіп, сол жерде біріктіру қажет болады. Есеп авторлары тасымалдау шығындарын азайту үшін Айдан өндірілген материалдарды пайдалануды ұсынады.
Тағы бір нұсқа – Жер мен Күннің арасына шағылыстырғыш шаң немесе арнайы бөлшектерден тұратын бұлт орналастыру. Бұл тәсіл спутниктер жүйесімен салыстырғанда жүздеген есе аз материалды қажет етуі мүмкін. Дегенмен зерттеушілер оны әзірге болжамды әрі тәжірибелік негізі аз тұжырымдама деп санайды.
Екі жүйені де Жерден шамамен 2 миллион шақырым қашықтықта орналастыру ұсынылған. Бұл нүктеде олар күн сәулесінің планетаға жетуіне кедергі келтіре алады.
Сонымен қатар технологияға қатысты бірқатар қауіп бар. Мыңдаған зымыран ұшыру қоршаған ортаның ластануына әкелуі мүмкін. Ал ғарыштық күнқағарлардың ұзақ мерзімді әсері әзірге белгісіз. Сыншылар мұндай жобаларға басымдық беру үкіметтердің жаһандық жылынудың негізгі себебі саналатын парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі жұмыстарынан назарын аударуы мүмкін екенін ескертеді.
Жобаның құны да үлкен кедергі болып отыр. Есепте нақты шығынды бағалауға жеткілікті дерек жоқ екені айтылған. Ал Ноттингем университетінің инженері Шанталь Каппеллетти мұндай планеталық күнқағардың құны ондаған триллион долларға жетуі мүмкін деп болжайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Айға адам қондыру жоспарын таныстырғанын жаздық.