«Жерді жалғыз өзі қазатын»: Сұлтан Сарсемалиевтің сотында 18 адам куәлік етті

АТЫРАУ.KAZINFORM — Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот процесінде қос тараптың туыстары, Наурыз Мұқанғалиевтің таныстары, күдіктінің араласқан адамдары, тіпті Сұлтан, Ақбаян және олардың баласын қарашада ауылға апарған көлік жүргізушісі де куәлік етті.

«Жерді жалғыз өзі қазатын»: Сұлтан Сарсемалиевтің сотында 18 адам куәлік етті
Фото: Нұрбибі Теміртасова\Kazinform

Кезекті отырыста жоспарланған 26 куәнің 18-і бір күнде сот залына келіп, бар білгендерін айтты.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан.

«Жерді жалғыз өзі қазатын»: Сұлтан Сарсемалиевтің сотында 18 адам куәлік етті
Фото: Нұрбибі Теміртасова\Kazinform

— Қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты азамат екенін көрдім. Жұмыс барысында келіспеушілік болған жоқ. Артық сөйлемейді. 2025 жылдың мамырында 250 мың теңгені бөліп-бөліп сұрады. Мен Мейрамгүл Қарабалинаның нөміріне жібердім. 3 күннен кейін қайтаратынын айтты. Уақытында жіберді, — деп пікір білдірді кәсіпкер.

Куә деп танылған азаматтардың арасында Сұлтан Сарсемалиевтің ата-анасы, бауырлары бар. Күдіктінің бір ағасымен және апасымен жақын қарым-қатынаста араласпайтыны белгілі болды. Ол әпкесі Айдана Сарсемалиевамен сырласып, жиі байланысып тұрған. Айыпталушының бауыры сұрақтарға жауап беру кезінде Сұлтан мен Ақбаянның заңды түрде ажырасуына інісінің басқа адаммен көңіл қосқанын дәлелдейтін нақты суретті көрмегенін айтты. Және Ақбаян ауырған кезде інісінің әйеліне барынша қарасқанын, үнемі жанында болып, денсаулығының оңалып кетуіне барын салғанын мәлімдеді.

— Тамызда көрген кезде Сұлтан маған қатты шаршағанын айтты. «Ақбаян есін жияр емес, шақалақ баламмен анам да қиналып кетті. Бұған қоса өзге де балаларым да бар», деді інім. Мен оған шыдамдылық танытуды, «балаларыңды өсіремін, әйеліңді аурудан айықтырамын деп жүрсің, нарсың, шыдайсың деп, қолдау білдірдім», — деді күдіктінің әпкесі.

«Жерді жалғыз өзі қазатын»: Сұлтан Сарсемалиевтің сотында 18 адам куәлік етті
Фото: Нұрбибі Теміртасова\Kazinform

Айдана Сарсемалиева Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулық жағдайын растап, мүгедектік алу үшін 3 ай бойы түрлі мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтты.

— Анам Ақбаян балаларды соғып жатыр деді. Көтеріліп кететіні бар. Суық тиді. Басына жара шықты. Шашын алдық. Сөйтіп жүргенде анам Сұлтанға «Ақбаянды жағдай жасалған жерге апарып, бапта» деп,  бес баланы өзі қарайтынын айтты. Осыдан кейін Сұлтан мен Ақбаян қалада тұрды, — деп мән-жайға тоқталды Айдана Сарсемалиева.

Осыдан соң Айдана Сарсемалиева інісіне Ақбаянға заң бойынша қамқоршы болу керектігін айтады. Күдікті бұл істің басы-қасында жүре алмайтынын жеткізіп, Сұлтанның атынан сот процестеріне қатысу үшін сенімхат берген.

Куә судья қойған сұрақтарға жауап беру кезінде Нәсіп Өтешқалиеваның Ақбаян сырқаттанып, ауруханада жатқан кезде келмегенін айтты. Судья Зарема Хамидуллина мәселе екі тараптың сырттай бір-бірін кінәлап отырғанын тілге тиек етті. Айдана Сарсемалиеваның пікірінше, Сұлтан мен Ақбаян материалдық емес, моральды қолдауға зәру болған.

— Сұлтанның бар мақсаты Ақбаянды емдету болды. Тек отбасым деп жүгіріп жүрді. Балаларды өзі қарап, тіпті Ақбаянды жуындырып, бар жұмысты істеді. Бар табысы — кішкентайларының жәрдемақысы. Ақбаян ауырған сәттен бастап Сұлтан жұмыс істемеді, әйелін ауруханаға апарып, қаратумен болды, — деп толықтырды Айдана Сарсемалиева.

Ол Сұлтанды соңғы мәрте өткен жылдың 30 қараша күні көрген. Сол күні інісінен оғаш қылық байқамапты.

Сот отырысында куәгелердің бірқатары Наурыз бен Мейрамгүлдің қандай адам болғандарын айтты. Барлығының пікірі тоғысып, отбасының жуас, артық қылықтары жоқ деп мәлімдеді. Олардың сөзінше, Мейрамгүлдің ойлау қабілеті жасына сай емес болған. Өзін бала сияқты ұстапты.Дегенмен құрдастарымен жақсы-қарым қатынаста болып, басқосулардан қалмауға тырысқан.

Куәлардың арасында Наурыз қайтыс болғаннан кейін оның телефоны арқылы жазбаша сөйлесіп, қорадағы сиыр мен қойды сатып алған азаматтар да болды. Барлығы Наурызбен тек жазбаша хабарлама арқылы байланысқан. Телефон соққан кезде ол жауап бермеген.

Сотта сөз алған жәбірленуші тараптан куә Шалқар Мұқанғалиев марқұмдар Сұлтан мен Ақбаянға қолдан келгенше қолдау көрсеткенін айтты.

— Сұлтан сотта ата-енесі араға түсіп, бізді ажыратпақ болды, бала-шағамды алып кетіп, бопсалағылары келді деді. Бұл сөзімен келіспеймін. Шындығында олар шамалары келгенше қыз-күйеуіне, жиендеріне жәрдемдескісі келді. Бірақ олардың көмектесуіне Сұлтанның өзі мүмкіндік берген жоқ. Себебі, Наурызға Нәсіп апамыз Сұлтан қызым мен жиендеріме кездесуге мүмкіндік бермей жатыр деген.Тіпті жасаған тамағын төгіп тастайтынын айтқан, — деді Шалқар Мұқанғалиев.

Сот 2 маусым күні жалғасады. Қалған 7 куәні сол күні тыңдау жоспарланып отыр.

Бұған дейін негізгі сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етіп отыр.

18 мамыр күні алдын ала сот отырысы өтті.

Сол кезде Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.

Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денесінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Ақпан айының соңында күдікті мен марқұмдардың жақыны есептелетін Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталды.

Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Ол сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған еді.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.