Жерді алған адам, ол үшін жауапты болуы қажет - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерді алған адам оған жауапты болуы қажет. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Жер реформасы бойынша комиссия үлкен жұмыс атқарды, халықты толғандырған проблемалы мәселелерді талқылады. Жекелеген заң жобасында көрініс тапқан бірқатар ұсыныс әзірледі. Оны комиссия Парламент пен Үкіметке енгізеді», - деді Елбасы.
Бұл ретте Мемлекет басшысы комиссия ұсынысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру процедураларын жетілдіру, жерді тиімді пайдалануға бақылауды күшейту мәселелерін қамтитындығын айтты.
«Негізінде біз бір қолға жүздеген мың гектар жерді бермеу керектігін ескермедік. Әлемнің еш жерінде мұндай жоқ. Дегенмен, біз бұл бағыттағы жұмыстарымыздың алғашқы күнінде барлығына, барлық мүмкіндікті бердік. Жер алған адам ол үшін жауап беруі тиіс», - деді Н.Назарбаев.
ҚР Президентінің пайымынша, жерді онымен жұмыс істей алатын адамдарға беру қажет.