Жерді пайдалануға бақылау жүргізетін органдардың өкілеттігі қайта қаралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңның негізгі мақсаты - жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу және жерді пайдалану мен қорғауда мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға әкімшілік істерді қарау әрі тиісті жаза қолдану бойынша өкілеттіктер беру.

«Бұл заң жер заңнамасын бұзғаны үшін жекелеген баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға арналып отыр. Сонымен қатар, заң аясында жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдардың өкілеттіктерін қайта қарау көзделген. Жаңа нормалар жер учаскесіне құқық беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, Заңмен жергілікті атқарушы органдардың заңсыз шешімдер қабылдауына, олардың жер қатынастары саласындағы міндеттерін орындамауына немесе уақтылы орындамауына қатысты мәселелер реттелді. Осы орайда жер ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы кемшіліктер үшін жер құқықтық қатынастары субъектілерінің қосымша әкімшілік жауапкершілігі белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар
telegram