Жерді ұтымды пайдалану қағидаларын сақтамағандар жерінен айырылады - ҚР АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер кодексінің 93-бабына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларын сақтамағаны үшін оны алып қоюға негіз болуы мүмкін жөніндегі норма енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында министрліктің Жерлерді ұтымды пайдалану және химияландыру басқармасының басшысы Ақпар Мәуленов айтты.
Оның мәліметінше, жерді ұтымды пайдалануды бақылау 2011 жылы қабылданған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Өңірлік даму министрлігімен бірлесе отырып, жерді ұтымды пайдалану өлшемдерін нақтылау бөлігінде жер заңнамасын одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
«Осы жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалануға қойылатын қосымша талаптар енгізілетін болады. Мәселен, ауыспалы егістерді сақтау, агротехникалық және агрохимиялық, фитосанитарлық және мелиорациялық іс-шаралар жүргізу, жайылым айналымын сақтау және т.б. сияқты қосымшаларды атап өтуге болады»,- деді А. Мәуленов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жерді ұтымды пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікті артыру шаралары да көзделіп отыр.
«Жер кодексінің 93-бабына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларын сақтамау оны алып қоюға негіз болуы мүмкін жөніндегі норма енгізу, сондай-ақ, жосықсыз жер учаскелері иелері мен жерді пайдаланушылар тізілімін жүргізу, жерді жосықсыз пайдаланушыларға бергізбеу мақсатында шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жер учаскелерін кезеңмен беру сияқты өзгерістер енгізіледі»,- деді А. Мәуленов.
Айта кету керек, қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламентінің қарауында жатыр.