Жергілікті атқарушы органдар жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетпей отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті атқарушы органдар жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдау іс-шараларын лайықты деңгейде қабылдамай отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті атқарушы органдар жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетпей отыр

«2020 жылы жұмысқа орналасқан 1 683 түлектің тек 25 пайызы, оның ішінде ауылдық жерлерде 37 пайызы ғана әлеуметтік қолдау іс-шараларымен қамтылған. Бұл ретте түлектерді әлеуметтік қолдау іс-шараларымен қамтудың жоғары көрсеткіші Қостанай облысында - 81, Солтүстік Қазақстан облысында – 70, Атырау облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында 51 пайыз болса, төмен қамту Алматы облысында – 13, Ақтөбе облысында – 12 және Түркістан облысында 7 пайыз ғана», - деді министр.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерге барған жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдаумен ең төмен қамту 5 облыста тіркелген. Нақты айтқанда, ауылға барған мамандардың Түркістан облысында – 8, Алматы облысында – 9, Павлодар облысында – 14, Маңғыстау облысында – 29 және Шығыс Қазақстан облысында 35 пайызы әлеуметтік қолдаумен қамтылған.

«Осылайша, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік кепілдендіруді қамтамасыз ету және жергілікті жерлерге кадрларды бекіту бойынша іс-шараларды лайықты деңгейде қабылдамай отыр», - деді Алексей Цой.