Жергілікті атқарушы органдарға тағы бір жауапкершілік жүктеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа амбулаториялық-емханалық көмекті тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа әзірленіп жатқан денсаулық жүйесі туралы кодекс аясында бірінші кезекте халыққа амбулаториялық-емханалық көмекті тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілетін болады. Жалпы сипаттағы трансферттер аясында жергілікті атқарушы органдарға алғашқы медициналық көмектің шағын орталықтарын құру және бір дәрігерге шаққанда бекітілген халықтың санын 1700-ге дейінгі нормативке жеткізу бойынша міндеттер ұсынылады. Бұл ретте осы қаражат мемлекеттік медициналық нысандар салуға, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын орындауға бағытталуы тиіс», - деді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі лицензиядан кейін бақылау, кадрлық қамтамасыз ету және медициналық мекемелердің меншік нысанына қарамастан стандарттарға сәйкес болуын бақылау жағынан да күшейтіледі.
«Жалпы алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша қабылданған шаралар біріншіден, алғашқы медициналық көмек ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, сапаны арттырудың экономикалық тұрғыдан ынталандыру факторларын құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, кадрлармен толықтыруды қамтамасыз етіп, медицина қызметкерлерінің құзіреті мен ынталандыру шараларын арттырады. Төртіншіден, медициналық қызмет көрсету сапасына мемлекеттік бақылау тиімділігін жоғарылатады», - деді министр.