Жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы ӘКК-лардың қызметі қорытындыларына жеке жауап береді - Е. Досаев
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасын мақұлдау туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырған Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев айтты.
«Жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы ӘКК-лардың қызметі қорытындыларына жеке жауап береді және корпорация қызметінің қорытындылары бойынша жыл сайын ҚР Үкіметі алдында есеп береді», - деді ол.
Е.Досаевтың айтуынша, тұжырымдаманы жүзеге асыру қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту, берілген және жаңадан құрылған ұйымдардың өнімділігін жоғарылату, өндірісті дамыту және қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату нәтижелеріне қол жеткізіледі.
«Біртіндеп бәсекеге неғұрлым қабілетті және қаржылай тұрақты компаниялар жарғылық капиталдағы үлесін (акциялар пакеттері) іске асыру жолымен оларды әрі қарай бәсекелестік ортаға беру үшін іріктелетін болады», - деді министр.