Жергілікті комиссия жұмысын кәсіби түрде атқарып, байқаушылардың сеніміне ие болды – халықаралық байқаушы

«Қазақстан Үкіметінің шақыртуымен Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы референдумның өту процесін бақылауға келді. Біз жұмысты 2 маусымда бастадық. Миссия құрамында хатшылықтың лауазымды тұлғалары бар. Біз қызметімізді Қазақстанның ұлттық заңнамасына сай атқардық. Референдумда дауыс беру халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес ұйымдастырылды. Сонымен қатар біздің миссия референдум алдындағы жұмысты қадағалау үшін орталық референдум комиссиясының хатшысымен кездесу өткізді. Кездесу барысында хатшы миссия мүшелеріне референдумға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат берді», - деді Гисмат Гозалов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, шетелде тұратын қазақстандықтардың референдумға қатысуы үшін барлық жағдай жасалды.
«Біздегі ақпаратқа сәйкес сырт елде тұратын қазақстандықтардың референдумға қатысуы үшін 52 дипломатиялық өкілдікте 65 референдум учаскесі жұмыс істеді. Осылайша орталық референдум комиссиясы референдумды бейтарап және әділ жүргізді. Жергілікті комиссиялар жұмысын кәсіби түрде атқарып, байқаушылардың сеніміне ие болды. Біз бақылаған 15 референдум комиссиясының 10-ында төраға әйел болды. Сондай-ақ БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүрді. Референдумда дауыс беру бірқалыпты өтті деуге болады. Жұмыс барысында құқық қорғау органдарының заңсыз араласу дерегі байқалған жоқ. Еркін дауыс беруге жағдай жасалды», - деді ол.
Одан бөлек Түркі мемлекеттер ұйымының өкілі миссия жақын күндері референдумның бағасын ұйымға мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың назарына ұсынатындығын айтты.