Жергілікті өзін өзі басқару: Кеңеске қандай өкілеттік беріледі

«Азаматтық белсенділікті ынталандыру мақсатында жергілікті маңызы бар неғұрлым маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға тұрғындардың тікелей қатысуы көзделеді. Атап айтқанда, бұл - елді мекендердің мәртебесін, атауын және шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін айқындау мәселелері. Ауылдық өкілдік орган – «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерінің мөлшерін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер беріледі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округтер әкімдері аппараттары қайта ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне қойылатын талаптар орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қойылатын талаптарға ұқсас. Бұдан басқа, әкімді қоса алғанда, 3-5 адамнан тұратын аппараттардың штат санының белгіленген лимит тұрғындармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді.
«Осыған байланысты, халықаралық практиканы ескере отырып, пилоттық жоба аясында басқарудың жаңа ұйымдық-құқықтық нысаны – «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» енгізіледі. Әкімшіліктің кадр құрамын қалыптастыру жеке тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл персоналды басқарудың икемді жүйесін енгізуге, сондай-ақ азаматтардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін қосымша жұмыс түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтер тізбесі, қызметкерлерді жалдау және еңбекақы мөлшерін айқындау мәселелерін кеңеспен реттейді», - деді Анар Байтүкенова.
Департамент директорының атап өтуінше, пилоттық жоба оң нәтиже берген жағдайда жаңа ұйымдық-құқықтық нысан бүкіл ел бойынша кеңейтіледі.
«Жергілікті маңызы бар мәселелерді сапалы шешу мәслихаттар жұмысының тиімділігіне де байланысты. Осыған байланысты олардың рөлі күшейтіледі. Мәселен, 2022 жылдан бастап облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының тұрақты комиссиялары төрағаларының босатылған екі лауазымы енгізіледі. Мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру мақсатында оған мәслихат сессиясы төрағасының өкілеттігі берілетін болады. Бүгінгі таңда төртінші деңгейдегі бюджеттің ұзақ мерзімді қаржыландырылмауы байқалады. Меншікті кірістер бюджеттің осы деңгейіндегі шығыстардың тек 13,4 пайызын жабады. Осыған байланысты, 2022 жылдан бастап ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін беру көзделген: бірыңғай жер салығы; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем. 2023 жылы тағы да бірқатар салық пен төлемді беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу көзделетін болады. Бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру, есептер санын қысқарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және салық салынатын базаны кеңейтуді ынталандыру тетігін енгізу жолымен бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру және атқару тәртібін едәуір оңайлату жоспарлануда», - деді ол.