Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алу тәртібі жеңілдетіледі - Президент
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алуларда бюрократиялық кедергілерді жоюға екпін қойылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою маңызды қадам болмақ. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды.
«Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - деді Президент.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент нақты құзыреттерді орталықтан өңірлерге беру қадамдары жалғасатынын айтты.
Мұнымен қоса, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тетігін енгізу керек екені атап өтілді.