Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға арналған заң жобасы Сенатта екінші оқылымда қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылым бойынша талқыланды.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға арналған заң жобасы Сенатта екінші оқылымда қаралады

Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 97-98 қадамдарын жүзеге асыруға бағытталады. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуыныша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімдеріне және жергілікті қауымдастықтың жиналысына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша қосымша функциялар беру туралы айтылған. Бұдан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетін кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ, азаматтарды жергілікті бюджеттің жобасын қалыптастыру мен оның орындалуын талқылауға қатыстыру туралы тапсырмалар жүзеге асатын болады. Осыған байланысты, заң жобасымен бірқатар міндеттер айқындалады.

Мәселен, құжат тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешу үшін әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңімен және рет-ретімен бекітуге бағытталған. Бұл ретте заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі мен оның жұмыс істеу тәртібі енгізіледі. Аталған кеңес бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларында құрылатын қала әкімінің халықпен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңыздағы қала және астананың әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болмақ.

Бұдан бөлек, тұрғындардың жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі рөлін арттыру және оларды сапалы шешуі үшін жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарында талқыланатын мәселелердің тізбесі кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беру мақсатында жер учаскесі аудандық маңыздағы қалада, ауылда, кентте тіркелген заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, көлік құралдары салығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер түрінде түсетін тізбе бекітіледі. Сондай-ақ, заң жобасымен жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаты есебінен алынған мүлік аудандық маңыздағы қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі аппаратының балансына бекітіліп берілетіндігі қарастырылған.

Талқылаудан соң депутаттар заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.