Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға кедергі барлық қайшылықтар реттелуі керек - Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президентінің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар реттелуі керек екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға кедергі барлық қайшылықтар реттелуі керек - Президент

«Жақын арада аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Бұл саяси жүйенің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді. Аталған трансформациялық өзгеріс аясында басқару деңгейлері: облыс, аудан, округ арасындағы өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақты айқындау – мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар мен олқылықтар реттелуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауыл әкімдеріне зор өкілеттілік бере отырып, оларды қажетті ресурстармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етудің стратегиялық маңызы бар. Осыған байланысты Үкімет қаржыны бюджетаралық бөлу мәселесін қайта қарауы керек.