Жергілікті тауарөндірушілерді назардан тыс қалдырмауымыз керек - Тимур Құлыбаев

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат   ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, Облыстық Кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген Өңірлік кеңесін өткізді. 

Жергілікті тауарөндірушілерді назардан тыс қалдырмауымыз керек - Тимур Құлыбаев

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен  Өңірлік палата басшылығы және  мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Президиумының төрағасы «Атамекен» ҰКП-ның жұмысының негізгі нәтижелері туралы егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, 2013-2017 жылдар арасында бизнесті қорғау саласында ҰКП-на 22 мыңнан астам шағымдар келіп түскен, оның 40 пайызы бизнестің пайдасына шешілген. Нәтижесінде 92 миллиард теңгеден аса кәсіпкерлердің меншік құқығы қорғалған. Мұнан бөлек, Тимур Құлыбаев жастарды кәсіпкерлікке мектеп жасынан бейімдеу қажет екенін айтып, бүгінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жоғары сынып оқушылары үшін арнайы пән енгізілетінін мәлім етті. Бұл демографиялық өсімі жоғары оңтүстік үшін өте тиімді екенін жеткізді. Жиында сонымен қатар Мақтарал мен Сарыағаш аудандарында «Атамекеннің» кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу керектігі, осы орталықтар арқылы жұртты бизнеске үйрету жайы сөз болды. Жиында сонымен қатар Өзбекстан мен оңтүстік арасындағы сауда-саттықты дамыту  жайы талқыланып, бұл ретте жергілікті кәсіпкерлерге  қолдау  жайы айтылды.
null 

«Өзбекстанмен сауда- саттықтың дамып, тауар айналым артқаны қуантады, әрине. Бірақ бұл жерде ойланатын мәселелер бар. Әсіресе, жергілікті тауарөндірушілердің жағдайын назардан тыс қалдырмауымыз керек. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен осы мәселе жайында сөйлесіп, арнайы жұмыс тобын құратын болдық. Аймақтық даму картасын қарап, кәсіпкерлерге тауарларды сақтау мен сату бойынша қандай ұсыныстар айта алатынымызды пысықтаймыз»,- деді ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев. 

Бизнез өкілдерімен болған басқосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев талқыланатын мәселелердің өзектілігіне тоқталып, күнгей өңір үшін кәсіпкерлердің экономикамызға қосар үлесі зор екенін айтты.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аймақтық кәсіпкерлікті дамыту мәселесін әрдайым басты назарда ұстайды. Әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті жүргізу бойынша процедураларды жеңілдету  Елбасымыздың әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдаудың негізгі қағидаларына жатады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында қолайлы бизнес климат қалыптастыруға және шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдайлар жасалынған. 2017 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 102,1 пайызды құрады.  Ал өндеу өнеркәсібінің жылдық өсімі  105 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштерге облысымыз Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды жаңғырту арқасында қол жеткізілді. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 129,4 млрд теңге инвестиция салынған, бұл 2016 жылмен  салыстырғанда 2,4 есеге өсіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 1 орындамыз»,-деді Жансейіт  Түймебаев.
null 

Жалпы облыста қолайлы бизнес климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда 2017 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 499 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында 911 кәсіпкерге 4,1 млрд теңге көлемінде шағын несие берілді. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 500 адам оқудан өткен, оның ішінде 300 адам өз кәсібін бастады. Өңірлік қаржы институттары болып табылатын Аймақтық инвестициялық орталық «Оңтүстік» және «ЫРЫС» МҚҰ арқылы 2017 жылы 8,3 млрд теңгеге 2 342 жобаға қаржылай қолдау көрсетіп, нәтижесінде 4 618 жаңа жұмыс орындары құрылды. 
null