Жергілікті тұрғындар жаңа мектеп салуды талап етуде

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Ұзаққали Елеубаев ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырзаның атына депутаттық сауал жолдап, Атырау облысындағы әлеуметтік нысандардың тапшылығын мәлім етті.

Жергілікті тұрғындар жаңа мектеп салуды талап етуде

«Бәрімізге мәлім «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы бұл күндерде Парламентте қаралуда. Заң жоба Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік өлшемдерінің болжамы және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларының негізінде әзірленген. Дейтұрғанмен де, Атырау облысының білім ордалары мен мектеп жасына дейінгі балалар бақшасы нысандарын салуға қаражат қарастырылмаған»,- деді Ұ.Елеубаев:

Мәжіліс депутатының айтуынша, бүгінгі таңда аталған өңірде көптеген оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен жәй-күйі қазіргі заман талабына сай емес. Облыстың Жылой, Қызылқоға, Индер аудандарындағы, сонымен қатар қалаға жақын орналасқан кентердегі мектептерде балалар санының шамадан тыс көптігінен әлі күнге дейін үш ауысымда оқу жалғасуда.

«Бұл жағдайдан Білім және ғылым министрлігі де хабардар. Білім беру жүйелерінің осындай халде болуы балаларға қолайсыздық жағдай туғызуда. Сол себептен жергілікті тұрғындар жаңа мектеп салуды талап етуде»,- деді депутат.

Қажетті сметалық-жобалық құжаттар мен ұсыныстар облыс әкімшілігі тарапынан министрлікке тапсырылған. Сол сияқты Атырау облысында балабақшалары құрылысын 6 жерде бастауға болатыны жөнінде тиісті құжаттар да министрлікке тапсырылған.

Депутат министрден Атырау облысының жағдайын ескеріп, алдағы 2011 жылға 4 мектеп пен 6 балабақшаның құрылысына қаражат бөлгізуге ықпал етуін өтінген.

Депутат Ұ.Елеубаевтың сауалын қолдап, әріптестері А. Бекенов, Б. Қонарбай қолдарын қойған.