Жергілікті жерде заңдарды қалай бұрмалайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы тексерістер кезінде 700-ден астам тәртіп бұзушылықтар анықталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Әділет вице-министрі Эльвира Әзімованың айтуынша, жергілікті билік заңға қайшы келетін актілерді қабылдайды. Бірақ ондай құжаттар мемлекеттік тіркеуге алынбайды.
«Мәселен, өткен жылы 334 актінің заңға қайшы екені анықталды. Бұл жалпы мемлекеттік тіркеуге түсетін құжаттардың 3,5 процентін құрайды. Былтыр аталған көрсеткіш 5,4 процент болған. Әрине, осы саладағы жұмыстың нәтижесінде заңға қайшы актілердің саны төмендеп келеді. Дегенмен, заң талаптарын сақтамау әрекеттері әлі де бар», - деді Э.Әзімова министрліктің кеңейтілген мәжілісінде.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, соңғы тексерістер кезінде 715 тәртіп бұзу фактілері анықталды.
«Жергілікті биліктің 852 нормативтік актісі заңға сай емес болып шықты. Осы фактілер бойынша 255 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Сондай-ақ, 78 әкімшілік іс қозғалды. Ол істердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе мен Жамыл облыстарына тиесілі. Бүгінде барлық әкімшілік істер аяқталып, жергілікті жерде істейтін 76 лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Олардың бірде-біреуі қарсы шағым түсірмеді», - деп атап көрсетті Э.Әзімова.
Айта кетейік, отырыс кезінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкова заң шығару жұмысының басты кемішіліктерін атады.