Жергілікті жолдарды күтіп ұстау мен пайдалануды жетілдіруде бірыңғай оператор болуы керек - сенатор
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда жергілікті маңыздағы жолдарды күтіп ұстайтын бірыңғай оператор құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің мәліметі бойынша, Қазақстан жолдарды дамыту ахуалы бойынша әлем елдерінің рейтингінде 93-орынды иеленіп, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Армениядан да артта қалды. Сондықтан, біз жергілікті жолдардың барлық учаскелерін диагностикалап, паспорттауды ұсынамыз. Бұл қазіргі жағдайды анықтап, жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы тетігін әзірлеу үшін маңызды», - деді сенатор.
Оның айтуынша, жолға байланысты жобаларды қаржыландыру өңірлердің нақты қажеттіліктерінен туындауы керек.
«Жергілікті жолдарды күтіп ұстау және пайдалану бағытындағы жұмысты жетілдіру үшін біз жол-пайдалану мекемелерінің әлеуетін күшейте отырып, бірыңғай оператор құру мәселесін қарауды ұсынамыз. Олардың жұмысын жергілікті атқарушы органдар бақылап, қабылдап алып отыруы керек», - деді Серік Шайдаров.