Жергілікті жолдарда әрбір үшінші материал талапқа сай емес

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың басынан бері Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жергілікті жолдардан алынған 15 мыңнан астам сынаманы зерттеді. Зертханалық сынақ нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сай келмеген.

трасса. дорога, жол
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл деректер Астанада ҚР Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Сапалы жол: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте жарияланды. 

Ал жолдардың өзінде жыл басталғалы 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелген. Оның небәрі 214-і жойылған, 1 783-і әлі түзетілмеген. Яғни анықталған кемшіліктердің 90 пайызға жуығы сақталып отыр.

ы
Фото: Kazinform

– Зерттеу нәтижелері жергілікті жолдардың сапасына қатысты мәселе жол құрылысына қолданылатын материалдарды пайдалану кезеңінде-ақ туындайтынын көрсетіп отыр. Зертханалық сынақтар талапқа сай келмейтін материалдарды дер кезінде анықтап, олардың жол нысанының сапасы мен қызмет ету мерзіміне кері әсерін тигізбеу үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Серік Имашев.

Бұдан бөлек, 2024-2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер бұл нысандардан талапқа сай келмейтін тұстарын анықтаған. 

Мамандар нормативтік құжаттардағы талаптарды да қайта қарау қажет екенін атап өтті. Себебі қолданыстағы нормаларда бірқатар алшақтық бар. Бұл жол жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда ортақ талап қалыптастыруға кедергі келтіреді.

Жиын қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыруға бағытталған шаралар әзірленіп, анықталған кемшіліктерді жою мерзімі мен жауаптылар белгіленеді. Сондай-ақ жергілікті жол желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспары дайындалмақ.

Еске сала кетсек, Рахман қайнарына апаратын жол екі сағатқа қысқарды.