Жергілікті жолдарды салуға қанша қаражат бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Нормативтік жағдайға келтірілген жергілікті жолдарды үлесі 91 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

- Республикалық деңгейдегі жолдарды дамытумен қатар, жергілікті желі жобаларына да көңіл бөлінеді. Олардың ұзындығы 70 мың шақырым (облыстық – 32 мың км, аудандық – 38 мың км). Бұл жобаларды жалпы қаржыландыру көлемі 423 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 92 млрд теңге, трансферттер – 148 млрд теңге, жергілікті бюджет – 183 млрд теңге. Бөлінген қаражат есебінен 4,2 мың шақырым жол құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылды, оның 3,9 мың шақырымы осы жылы пайдалануға беріледі, - деді М. Қарабаев.
Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік күйдегі жергілікті жолдардың үлесі 89 пайызды құрады. Ал биылдың соңына дейін осы көрсеткіш 91 пайызға дейін өседі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор жергілікті жолдардың сапасына қатысты проблеманы атады.