Жеті жылда Қазақстан қалай өзгерді: негізгі көрсеткіштер мен нәтиже
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жеті жылда Қазақстанның экономикасы өсіп, шағын және орта бизнестің үлесі артты, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы қарқын алды. Ел Орталық Азиядағы инвестициялық және экономикалық маңызын да күшейте түсті. Бұл өзгерістер немістің Berlin Today басылымының 2019 жылдан бергі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына арналған мақаласында сараланған.
Басылым Қазақстандағы өзгерістердің ауқымын қарапайым отбасының күнделікті өмірі арқылы көрсетеді. Мәселен, отбасы бірнеше жыл бұрын салынған пәтерде тұрып, баласын жаңа мектепке апарып, отандық құрастырылған көлікпен жұмысқа бара алады. Ата-ананың бірі ірі компанияда еңбек етсе, екіншісі цифрлық платформалар арқылы сауда жасап, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдап, мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдаланады.
Жеке-жеке алғанда, мұның бәрі қалыпты құбылыс көрінуі мүмкін. Алайда осы өзгерістердің жиынтығы ауқымды трансформацияны аңғартады. Berlin Today бұл үдерістің бастауын 2019 жылдан таратып, Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндет – табиғи ресурстар мен қалыптасқан қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және экономиканы шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылтуға бағыттау болғанын жазады.
Қазақстан бұл кезеңге мол табиғи ресурстарға, салыстырмалы түрде дамыған қаржы жүйесіне және халықаралық инвестицияларды тартудағы көпжылдық тәжірибеге ие ел ретінде қадам басты. Алайда ел алдында бұдан да күрделі мәселе тұрды. Қазақстан осы артықшылықтарды халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай арттыруға бағыттай ала ма және экономиканы мұнай мен басқа да шикізат ресурстарына тәуелділігі төмен болатын болашаққа дайындай ала ма?
Соңғы жеті жылда бұл міндет жаһандық пандемия, жеткізу тізбектеріндегі қиындықтар мен геосаяси кеңістіктің бөлшектенуі сияқты сыртқы сын-қатерлермен қатар шешілді. Соған қарамастан, Berlin Today дерегінше, Қазақстан бұл кезеңнен 2019 жылмен салыстырғанда ауқымды экономикасы, дамыған кәсіпкерлік секторы және сыртқы әлеммен тығыз байланысы бар ел ретінде шықты.
Экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің жаңа рөлі
Berlin Today жазғандай, соңғы жеті жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 50 пайыздан астам өскен. Бұл ретте ел халқының саны 20 миллионнан асып, экономика сыртқы сын-қатерлерге қарамастан өсімін жалғастырды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 14,7 мың долларды құраған. Салыстыру үшін, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 4 мың долларға, Қырғыз Республикасында 3,1 мың долларға жуық болған.
Экономикалық өзгерістің тағы бір көрінісі – жеке кәсіпкерліктің кеңеюі. Қазір Қазақстанның шағын және орта бизнес саласында шамамен 4,5 миллион адам еңбек етеді. Бұл – жеті жыл бұрынғыдан 31,6 пайызға көп. Ал тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 2025 жылдың соңына қарай 2,3 миллионға жетіп, 47,5 пайызға артқан.
Неміс басылымы үрдісті Қазақстан экономикасындағы ұзақмерзімді құрылымдық өзгерістер тұрғысынан қарастырады. Елде бұған дейін мемлекет пен ірі компаниялар басым болғанымен, шағын бизнестің өсуі экономикалық белсенділіктің ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл дәстүрлі салалармен қатар, жеке кәсіпкерлікке негізделген экономикалық ортаның қалыптасқанын көрсетеді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында бұл үдеріс экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған мемлекеттік шаралардың бір бөлігіне айналды. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы көбіне институционалдық және әлеуметтік реформалармен байланыстырылғанымен, оның экономикалық мәні бар. Өсім халықтың қалың бөлігіне пайда әкелгенде ғана тұрақты бола алады. Осы кезеңде жаңа кәсіпорындар мен өнеркәсіптік жобалардың іске қосылуы, құрылыстың және мемлекеттік қызметтердің дамуы еңбек нарығын кеңейтіп, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді, – делінген мақалада.
Ел өмірінде қандай өзгерістер байқалды?
Экономикалық өсімнің нәтижесі күнделікті өмірден көрінгенде ғана оның ауқымын бағалауға болады. Berlin Today атап өткендей, Қазақстанда соңғы жылдағы өзгерістер жаңа тұрғын үйлерден, мектептерден, медициналық нысандар мен өнеркәсіп кәсіпорындарынан байқалады. 2019-2025 жылдары елде 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіш халық санының өсуі мен тұрғын үйге деген сұраныстың артуымен қатар жүріп жатқан өзгерістерді көрсетеді.
Демографиялық өсім мен ішкі көші-қон білім беру инфрақұрылымына да жаңа талаптар қойды. Осы кезеңде 1342 мектеп пен 345 балабақша салынды. Жаңа нысандар әсіресе халық саны артып келе жатқан ірі қалалардағы сұранысты өтеуге және сыныптардағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз инфрақұрылымның кеңеюі елдегі демографиялық өзгерістермен қатар жүріп жатыр дегенді білдіреді.
Дәл осындай үрдіс денсаулық сақтау саласында да байқалады. 2023-2025 жылдары Қазақстанда 1200-ден астам медициналық нысан салынды. Оның 655-і – ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары. Осы кезеңде халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2,79 жылға артып, 75,97 жасқа жетті.
Berlin Today бұл көрсеткіштерді бір ғана мемлекеттік бағдарлама немесе құрылыс көлемімен байланыстыруға болмайтынын атап өтеді. Өмір сүру ұзақтығына табыс деңгейі, өмір салты, медициналық көмектің қолжетімділігі, қоршаған орта мен демографиялық жағдай сияқты көптеген фактор әсер етеді.
– Тоқаевтың президенттік кезеңі мемлекеттік саясаттағы басымдықтардың өзгеруімен тұспа-тұс келді. Бұл уақытта қоғам да жаңарып, жастардың үлесі артып, азаматтардың талап-тілегі күшейді. Соған сай мемлекет әлеуметтік және экономикалық мәселелерге көбірек көңіл бөле бастады. Тұрақтылық бұрынғыдай маңызды. Бірақ бүгінде оның мәні тек тұрақты ахуалмен емес, халықтың өміріне әкелген нақты нәтижелерімен өлшенеді, – деп жазады басылым.
Шикізат экспортынан өндірісті дамытуға дейін
Berlin Today басылымының жазуынша, Қазақстан экономикасын дамыту үшін әлеуметтік шығындарды арттыру жеткіліксіз. Ел ішкі сұранысты отандық өніммен көбірек қамтып, шикізат өндіруге тәуелді емес жаңа жұмыс орындарын құруы қажет. Бұл бағыттағы өзгерістердің бірі – автомобиль өнеркәсібінің дамуы.
– Соңғы жеті жылда Қазақстанда шамамен 800 мың автокөлік өндірілді. Отандық құрастырылған автокөлік – жай ғана тұтыну тауары емес. Оның өндірісі қосалқы бөлшек жеткізушілерді, логистикалық компанияларды, инженерлерді, техникалық мамандар мен білікті жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл бұрын Қазақстанда іс жүзінде болмаған өнеркәсіптік құзыреттердің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – деп жазады басылым.
Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар да осы үрдістің ауқымын көрсетеді. Үкіметтің мәліметінше, өткен жылдың соңына қарай арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 860 жоба жүзеге асырылып, 57,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2030 жылға дейін мұнда тағы шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2025-2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 140 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Басылымның бағалауынша, мұндай кәсіпорындардың көбеюі елдің өндірістік базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте Қазақстан мұнай, уран, металдар және ауыл шаруашылығы сияқты дәстүрлі артықшылықтарынан бас тартпайды. Berlin Today осы ресурстардың айналасында қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту, шикізатты ел ішінде өңдеу, дайын өнім көлемін арттыру және отандық өндірушілерді халықаралық жеткізу тізбектеріне қосу маңызды екенін атап өтеді.
– Өндірістің дамуы Қазақстанның географиялық орналасуының экономикалық маңызын да арттырады. Бұған дейін теңізге тікелей шығатын жолының болмауы ел үшін шектеу ретінде қарастырылса, Еуразиядағы сауда бағыттарының өзгеруі бұл ерекшелікті жаңа мүмкіндік ретінде қарастыруға жол ашты. Бүгінде Қазақстан Қытай, Еуропа, Ресей, Кавказ және Орталық Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буын ретінде өз орнын күшейтіп келеді, – делінген Berlin Today материалында.
Орталық Азиядағы экономикалық рөлін күшейткен Қазақстан
Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды дами бастады. Өзбекстан экономиканы ашықтыққа бағыттап, өсім қарқынын арттырса, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан да жоғары өсім көрсетіп келеді. Алайда бұл елдер экономикалық дамуды салыстырмалы түрде төмен деңгейден бастады. Berlin Today жазғандай, көршілес нарықтың дамуы Қазақстан үшін маңызды. Бұл сауда көлемінің артуына, нарықтың кеңеюіне және өңірдің экономикалық ықпалының күшеюіне жол ашады. Сонымен бірге Орталық Азия елдері қаржы және институционалдық даму деңгейі жағынан әлі де бір-бірінен ерекшеленеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның өңірдегі экономикалық ауқымы айқын көрінеді. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2025 жылы ел экономикасының номиналды көлемі шамамен 306 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін, Өзбекстанның экономикасы 147 млрд долларға, Қырғыз Республикасының экономикасы 22,6 млрд долларға бағаланған. Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі, жинақталған инвестициялар көлемі, қаржы секторы мен халықаралық бизнес инфрақұрылымы елдің өңірдегі экономикалық салмағын айқындайды.
Бұл көрсеткіштер шетелдік капитал ағынынан да көрінеді. Berlin Today материалында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 162 млрд долларға жеткені айтылады.
– Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі 162 млрд долларға жетті. Қазақстан экономикасы инвестиция тартуды жалғастырып келеді. Бұл көрсеткіштердің өзі халықаралық капиталдың қызығушылығын сақтай алатынын көрсетеді. Инвесторларды табиғи ресурстар қызықтырады, бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Қазақстан ауқымды экономиканы, көршілес нарықтарға қолжетімділікті, Шығыс пен Батыс елдерімен қалыптасқан қарым-қатынастарды, сондай-ақ халықаралық бизнеске қызмет көрсетуге бағытталған қаржы институттарын ұсынады. Мұндай артықшылықтардың үйлесімін қысқа мерзімде қалыптастыру оңай емес, – делінген материалда.
Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанның өңірдегі экономикалық байланыстарды шоғырландыратын ел ретіндегі рөлін күшейтіп отыр. Басылымның дерегінше, бүгінде Қазақстан капитал тартылатын, тауар өндірілетін және компаниялар Орталық Азияның кеңейіп келе жатқан нарығына шығатын негізгі экономикалық платформаға айналып келеді.
Алдағы міндеттер
Мақаланың қорытынды бөлімінде Berlin Today Қазақстанның соңғы жеті жылдағы өзгерістерін саралай отырып, ел алдында тұрған міндеттерге тоқталады. Басылымның пайымдауынша, жеті жыл мемлекет үшін ұзақ кезең саналмағанымен, осы уақыт ішінде Қазақстан жаһандық пандемия, жеткізу тізбектерінің бұзылуы және геосаяси өзгерістер сияқты бірқатар күрделі сынақтан өтті.
2019 жылдан бері Президент Тоқаев елді осындай сыртқы сын-қатерлер жағдайында басқарды. Berlin Today оның кезеңін әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық беру, кәсіпкерлікті қолдау, өнеркәсіпті дамыту және мемлекеттік институттардың азаматтардың сұранысына жауап беру қабілетін арттыру бағыттарындағы өзгерістермен байланыстырады.
Сыртқы саясатта да Қазақстан қалыптасқан көпвекторлы бағытты сақтап қалды. Неміс басылымы Қытай, Ресей, Еуропалық одақ, АҚШ және ислам әрі түркі әлемі елдерімен байланыстарды қатар дамыту Қазақстанға инвестиция тартуға және геосаяси өзгерістер жағдайында сыртқы экономикалық байланыстарын жалғастыруға мүмкіндік бергенін жазады.
Сонымен бірге ел алдында шешімін қажет ететін мәселелер бар.
– Инфляция халықтың табысына әсер етуді жалғастырып отыр. Ірі қалалар мен ауылдар арасындағы айырмашылық та сақталуда. Демографиялық өсімге сай инфрақұрылымды дамыту қажет. Мемлекеттің экономикадағы үлесі әлі де жоғары. Ал жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, бәсекеге қабілетті өнім шығаруы тиіс. Бірақ бұл мәселелер соңғы жеті жылдағы өзгерістердің маңызын жоққа шығармайды, – деп жазады Berlin Today.
Материалдың түйінді тұсы экономикалық көрсеткіштерден гөрі кеңірек.
– Жаңа пәтер, жаңа мектеп пен жаңа жұмыс – қарапайым отбасының өміріндегі қалыпты өзгеріс саналауы мүмкін. Бірақ дәл осы өзгерістер елдегі әлеуметтік жаңғырудың нақты нәтижесін көрсетеді, – делінген материал қорытындысында.
Қазақстанның даму жолы әлі жалғасып келеді. Berlin Today басылымының жазуынша, соңғы жылдары ел қол жеткізген нәтижелерін нығайтып қана қоймай, экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне негіз қалыптастыруға бағыт алып отыр.