Жетібайдағы жұмыссыздықты Самұрық-Қазына мен ҚазМұнайГаз ушықтырып отыр – депутат
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Үкімет басшысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау өңіріне байланысты тапсырмалары орындалмай жатқанын айтып, үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын саботажға теңеді, деп хабарлайды Kazinform.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары мірдің оғындай тез, уақтылы әрі бұлжытпай орындалуы керек деп есептейміз. Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне барған сапарларында қордаланған мәселелер бойынша 34 қажетті нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырмалар бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде, сол тапсырмалардың көбі орындалмай отыр», - деді ол Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында.
Оның сөзінше, Президент тапсырмасынан туындаған 34 шараның 29-ы қолға алынбаған.
«Сіз 2023 жылы Маңғыстау облысында бір емес, үш рет іссапарда болғаныңызбен, өңірде Президент тапсырмаларының орындалысы мардымсыз. Бүгінде сол 34 тапсырманың тек 5-еуі ғана іске асырылып жатыр. Ал қалған 29 іс-шара тоқтап тұр. Оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне берілген 6 тапсырма, «Самұрық-Қазынаға» қатысты 3 тапсырма, «Бәйтерекке» берілген жалғыз тапсырма, Ұлттық экономика министрлігінде 7 тапсырма, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2 тапсырма орындалмаған.», - деді депутат.
Самат Мұсабаев Жетібайдағы жерлестерінің жұмыссыздық мәселесіне жеке тоқталды.
«Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық – Шетпе жолдарын және Құйылыс-Ақтау су желісін салу, туризм үшін Каспийдің жағалауын дамыту, жыр болған Қошқар Ата улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру сияқты маңызды жобалар. Осылай жалғастыра беруге болады.
Сондай-ақ, тұрып қалған өндірістерді жандандыру туралы тапсырмалар да іске аспады. Тіпті жұмыссыздық белең алған Жетібайда жұмыс істеп тұрған арматура шығаратын цехты «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГазды» кедергі келтіруі себебінен тоқтап тұр. Бұл Президенттің бизнесті қолдау туралы берген тапсырмаларына саботаж емес пе», - деп сұрады депутат.
Сондай-ақ, ол Үкіметтен аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін бірнеше шараны қолға алуды талап етті.
«Үкімет тарапынан әр тапсырма бойынша шұғыл түрде мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың басшыларынан есеп алынсын. Атқарылмаған тапсырмалар бойынша нақты шаралар іске асырылсын, бюджеттен тиісті қаражат қарастырылсын. Тоқсан сайын атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат Мәжілістегі «Amanat» фракциясына жолдансын, - деді Самат Мұсабаев.