Жетекші әлемдік биржаларда мұнай бағасы күрт құлдырады

АСТАНА.ҚазАқпарат - Жетекші әлемдік биржаларда мұнай бағасы бірден бірнеше долларға төмендеді. Сонымен, 2014 жылғы 14 қазандағы сауда-саттық нәтижесі бойынша Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange (NYMEX) мерзімді тауар биржасына WTI (Light Sweet) мұнайының ресми бағасы $3,90-ға түсіп, барреліне $81,84 құрады, деп хабарлады Утро.ру.

Жетекші әлемдік биржаларда мұнай бағасы күрт құлдырады

Сонымен қатар 14 қазандағы сауда-саттық нәтижесі бойынша InterContinental Exchange Futures Europe (IСE Futures Europe) электрондық тауар биржасында Brent мұнайының ресми бағасы $3,85-ға төмендеп, барреліне $85,04 құрады.

Мұнайға бағаның құлдырауы орын алып отырған жағдайда әлемдік ұсыныстың өсіп, сұраныстың төмендеуі байқалады. Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) 14 қазанда мұнайға әлемдік орташа тәуліктік сұраныстың өсім болжамын 1,3 млн баррельден 700 мыңға дейін төмендетті. IEA 2014 жылдың ішінде әлемде мұнайды орташа тәуліктік тұтыну көлемі 92,4 млн баррельді құрайды деген болжам жасап отыр.

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы қыркүйекте әлемдік нарыққа мұнай жеткізу күніне 93,8 млн. барелльге дейін (өткен көрсеткішке қарағанда күніне 910 мың баррельге артып отыр) ұлғайды. Өз кезегінде бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,8 млн. баррельге артық.