Жетекші елдердің тәжірибесі бойынша Ұлттық біліктілік жүйесі құрылуда
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Жетекші елдердің тәжірибесі бойынша Ұлттық біліктілік жүйесі құрылуда. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» республикалық педагогикалық тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Осыған байланысты біздің министрлік Еңбек кодексіне жұмыс берушілердің кәсіптік стандарттар әзірлеуі бойынша жаңа тарау енгізуге бастама жасады. Дүниежүзілік банк қарызы есебінен Индустрияландырудың 147 басым мамандығы бойынша алғашқы кәсіптік стандарттарды әзірлеуді қолдаймыз. Жұмыс берушілер мен жергілікті атқарушы органдардың менталитетін өзгерттік. Олар сапалы кадрлар даярлау ортақ міндет екенін түсінді.
Қазіргі уақытта 118 біліктілік бойынша мұнай-газ, туризм, ауылшаруашылық, машина жасау салаларының кәсіптік стандарттары әзірленді»,-деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, ТжКБ-ның тағы бір міндеті - сапаны бағалау мен бақылаудың жаңа жүйесін әзірлеу және енгізу.
Бұл жаңалықтардың барлығы кәсіптік-техникалық білімнің сапасын барынша жоғары деңгейге жеткізуі тиіс.
«Техникалық және кәсіптік білім департаментіне дуальді жүйе арқылы ТжКБ-ны жаңғыртудың нормативтік-құқықтық, мазмұндық-әдістемелік негізін әзірлеп, тәжірибеге енгізуді тапсырамын»,-деді Б. Жұмағұлов.