Жетекші исламдық банктер «Астана» ХҚО алаңына келуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жетекші исламдық банктер «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңына келуге дайын. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандық қор нарығына халықаралық капитал тарту» халықаралық конференциясында «Астана» ХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетекші исламдық банктер «Астана» ХҚО алаңына келуге дайын

«Таяуда ғана біз исламдық қаржыландыру секторының қарқынды дамып келе жатқандығын айтқан едік. Астана посткеңестік кеңістікте исламдық қаржыландырудың қарлығашы әрі өзіндік көшасбасшысы болады. Қазірдің өзінде Малайзияның, Таяу Шығыстың, ең алдмен Парсы шығанағы елдерінің исламдық қаржыландырудағы жетекші институттарымен жақсы уағдаластығымыз бар. Олар жаңа алаңға келуге дайын», - деді Қайрат Келімбетов.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі уақытта елімізде «Al Hilal» Ислам банкі жұмыс істеуде. Сонымен қатар Қазақстан Ислам даму банкімен де белсенді ынтымақтастықты жолға қойған.

Айта кетейік, 2015 жылдың 5 қарашасында ҚР Парламентінің Сенаты «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңды қабылдады. Аталған заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру, капитал нарығын және исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды көздейді. Парламент қабылдаған заң «Астана» халықаралық қаржы орталығы дәл белгілеген шекаралары бар, Астана қаласының шегіндегі аумақты білдіреді.

Орталықтың аумағында өзінің заңнамасы болуы ықтимал, ерекше құқықтық режим қолданылатын болады. Халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы қабылданып отырған конституциялық заңнан, Англия және Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне негізделген актілерден, сондай-ақ реттелмеген бөлікте қолданылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығынан тұрады.

Заңнамаға сәйкес, Орталықты басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган құрылады. Оның құзыретіне Орталықтың даму стратегиясын айқындау, қаулылар түріндегі Орталықтың актілерін қабылдау жатады. Орталық әкімшілігі, Орталықтың қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті, Орталық соты және басқа да қажетті органдар құрылуы мүмкін. Ерекше тартымды жағдайлар жасау мақсатында Орталықта өзгеше салықтық, валюталық, визалық режим, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартудың режимі көзделген

Осылайша, салық салу бөлігінде орталықтың органдары мен қатысушыларын 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін елу жылға корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын және жер салығын төлеуден босату белгіленген. Бұдан басқа, шетелдік қызметкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Айта кетерлігі «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып табылады. Жекелеген мәселелер бойынша қазақ немесе орыс тіліне аударуға жол беріледі.