Жетекші сарапшы-журналистер клубының маңызы зор - вице-министр Ғ.Телебаев
;АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жетекші сарапшы-журналистер клубын құру туралы жобасы таныстырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен бүгін екі жоба ұсынғым келеді. Бірі - жетекші сарапшы-журналистер клубын құру туралы ережесінің жобасы болса, екіншісі - оның құрамы туралы жоба. Аталмыш клуб ең алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының ортаға салғысы келген мәселелерін жұртшылық үшін, барша қазақстандықтар үшін барынша түсінікті етіп жариялау үшін қажет. Бұл сондай-ақ біз үшін де, еліміздің ақпараттық алаңы үшін керек дүние. Біз бүгін клуб ережесін де, оның құрамын да қабылдауды ұсынбаймыз. Өйткені, бұл мәселе ортаға салынып, жан-жақты талқыланылуы тиіс. Журналистер клубының маңызы зор», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев.
Ереже жобасында айтылғандай, аталмыш клуб Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы тұрақты жұмыс істейтін кеңестік-сараптық және ақпараттық орган болып табылады. Клуб өз қызметінде ҚР Конституциясын, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарын және өзге де ҚР заңдары мен ҚР Президентінің актілерін басшылыққа алады.